Шекарасыз үлкен медициналық отбасы: ҚазҰМУ 11 елден келген 213 шетелдік студентті қарсы алды
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде шетелдік студенттерге арналған ориентациялық кездесу өтті. Биыл ҚазҰМУ-дың бірінші курсына әлемнің 11 елінен 213 шетелдік студент қабылданды. Олардың ішінде 186 студент – Үндістаннан, 10 – Сириядан, 4 – Бангладештен, 2 студенттен Египет, Судан, Пәкістан және Кореядан, сондай-ақ АҚШ, Түркия, Тунис және Шри-Ланка елдерінің өкілдері бар.
Бүгінде ҚазҰМУ Қазақстандағы ең халықаралық медициналық университеттердің бірі ретінде өз орнын нық ұстап, шетелдік студенттер саны бойынша көшбасшы болып отыр. Университет әртүрлі мәдениеттер, тілдер мен дәстүрлер тоғысатын ашық білім беру алаңы ретінде өз позициясын сенімді түрде нығайтуда. Бірақ олардың барлығын біріктіретін ортақ нәрсе – медицина мамандығын таңдау және өз ісінің кәсіби маманы болуға деген ұмтылыс.
Ориентациялық кездесу университетпен жай ғана танысу емес, маңызды үндеу болды: ҚазҰМУ-да шетелдік студенттер үлкен медициналық отбасының бір бөлігіне айналады. Мұнда білім, тәртіп, жауапкершілік, мамандыққа деген құрмет және ортақ мақсат жолында бір-біріне қолдау көрсету жоғары бағаланады. Алғашқы күннен бастап студенттерге бір нәрсе еске салынады: әр пәннің, әрбір практикалық дағдының, оқу кезеңдерінің артында болашақта науқас, оның денсаулығы мен өмірі тұратыны.
ҚазҰМУ мықты академиялық мектепке, дамыған клиникалық базаға және практикалық денсаулық сақтау жүйесімен тығыз байланысқа басымдық береді. Бұл тек түлектерді ғана емес, нақты медициналық тәжірибеге дайын, ойлай білетін, кәсіби тұрғыда жетілген, білікті мамандарды даярлауға мүмкіндік береді.

































