ҚазҰМУ кардиология кафедрасының резиденттері мен профессорлық-оқытушылық құрамы артериялық гипертензияның алдын алуға бағытталған акция өткізді.
Жыл сайын 17 мамырда атап өтілетін Дүниежүзілік артериялық гипертензиямен күрес күні және халықаралық May Measurement Month (MMM2026) бастамасы аясында «С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті» КеАҚ кардиология кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы мен резиденттері «Артериялық гипертензия: біл, емдел, бақыла!» тақырыбында ұйымдастырылған әлеуметтік-профилактикалық акцияға белсенді қатысты.
Артериялық гипертензия бүгінгі таңда миокард инфарктісі, инсульт және басқа да жүрек-қантамыр ауруларының негізгі қауіп факторларының бірі болып қала береді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, Қазақстандағы ересек тұрғындардың шамамен әрбір екіншісінде артериялық қысымның жоғарылауы байқалады. Бұл ерте анықтау мен профилактикалық шаралардың маңыздылығын айқындайды.
Акция аясында профилактикалық алаңдар Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Панфилов аймағында, соның ішінде Панфилов, Қарабұлақ және Жібек жолы елді мекендерінде ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында кафедраның резиденттері мен оқытушылары:
- тұрғындардың артериялық қысымын өлшеді;
- артериялық гипертензияның алдын алу және оны бақылау мәселелері бойынша кеңес берді;
- ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді;
- салауатты өмір салтын ұстануға арналған ұсынымдар мен ақпараттық материалдар таратты.
Осындай шараларға резиденттердің қатысуы олардың тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге, кәсіби құзыреттерін нығайтуға және болашақ мамандардың әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыруға ықпал етеді.














