ҚазҰМУ студенттері «JAS GALA-2026» шығармашылық байқауында жүлделі орындарға ие болды
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті студенттері Алматы қаласы жоғары оқу орындарының студенттері арасында өткен «JAS GALA-2026» шығармашылық байқауында жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды.
Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен және «Алматы студенттер Альянсы» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен өткен байқау 2026 жылдың 10 сәуірінде басталып, 23 мамыр күні гала-концертпен қорытындыланды. Финалдық кеш барысында жеңімпаздар марапатталды.
«JAS GALA-2026» шығармашылық байқауының мақсаты – жастардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, талантты студенттерді қолдау және олардың өнерге деген қызығушылығын арттыру.
Байқау бірнеше кезеңнен тұрды: өтінім қабылдау, жоғары оқу орындары базасында іріктеу, жартылай финал және финалдық кезең. Фестиваль гала-концертпен және салтанатты
С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ студенттері байқауға эстрадалық вокал, заманауи би және ұлттық аспапта орындау номинациялары бойынша қатысты.
Байқау қорытындысы бойынша университет жанындағы «Дала Сазы» студенттік ұлттық аспаптар ансамблі І орын иеленді. Өнерпаздар байқаудың алғашқы турында Қазанғаптың «Ақжелең» күйін орындаса, екінші кезеңде шығарманы екі дауыста, кахон аспабымен заманауи өңдеуде ұсынып, жоғары деңгейдегі орындаушылықтарымен ерекшеленді.
Ансамбль құрамында Фармация мектебінің студенттері Кенжебаева Ақниет, Исақожа Нұрым, Мұханбет Алишер, Жеңіс Санжар, Бегәділ Айым, Стоматология мектебінің 4 курс студенті Абаева Алуа, Жалпы медицина мектебінің 1 курс студенттері Тұрғазы Аян мен Сатбай Бақдәулет өнер көрсетті. Ансамбль жетекшісі – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің жетекшісі Қойысова Мөлдір.
Сонымен қатар, «Black Swan» заманауи би тобы би номинациясы бойынша ІІ орын иеленді. Топ жетекшісі – Жалпы медицина мектебінің 3 курс студенті Тайбай Рабиасұлтанбегим. Топ құрамында Серпер Балнұр, Алтаева Гүлзат, Серікбай Жұлдыз, Игамбердиева Диана, Сакенова Зере, Бактиярова Арайлым, Наилова Диляра, Балғалиева Надежда және халықаралық факультет студенті Ivana Esther Dennis өнер көрсетті.
Вокал номинациясы бойынша Фармация мектебінің 4 курс студенті Калдибаева Улниса «Жас жұлдыз» номинациясының иегері атанды. Вокал-хор жетекшісі Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының әртісі Ракыметова Жанат.
Бұл жетістіктер университет студенттерінің тек білімде ғана емес, өнер мен шығармашылықта да жоғары деңгейде екенін көрсетті.
Бүгінде С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ студенттердің жан-жақты дамуына, рухани-мәдени әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөледі.
Осындай қолдау жастардың шығармашылық қабілетін шыңдап, ұлттық өнерді дәріптеуге және болашақ мамандардың тұлғалық қалыптасуына зор ықпал ететіні сөзсіз.
















