Академик Т.Шарманов атындағы нутрициология кафедрасының ұйымдастыруымен өткен «Салауатты тамақтану – сау ұлттың негізі» халықаралық пәндік олимпиаданың қорытындысы
Халықаралық пәндік олимпиада «Денсаулық күні», Тұрақты даму мақсаттарының №3 және Ғылым күніне орай жоспарланды. Олимпиадаға Ташкент мемлекеттік медицина университеті (Өзбекстан), Халықаралық медицина жоғары мектебі (Қырғызстан), М.Оспанов ат. Батыс Қазақстан медицина университеті, Астана медицина университеті, Қарағанды медицина университеті, К.Сағадиев ат. Халықаралық бизнес университеті, Әл-Фараби ат. Қазақ ұлттық университеті, С.Асфендияров ат. ҚазҰМУ-нен жалпы 105 студент қатысып, Қазақ тағамтану академиясында 15 сәуір 2026ж. өтетін шешуші ІІІ кезеңге, ғылыми зерттеу жобаларын қорғауға 52 студенттер жіберілді.
Олимпиаданы Х.Досмұхамедов ат.«Қоғамдық денсаулық сақтау» мектебінің деканы Қожекенова Ж.А, Қазақ тағамтану академиясының вице-президенті Салханова А.Б., академик Т.Шарманов атындағы нутрициология кафедрасының меңгерушісі Қайнарбаева М.С. ашылу рәсімінде сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Халықаралық пәндік олимпиада аясында, қатысушыларға Қазақ тағамтану академиясының президенті Алмаз Шарман заманауи тамақтану мәселелері мен тамақтанудағы жасанды интеллекттің болашағы жөнінде дәрісін оқыды, бүкіләлемдік денсаулық сақтауға орасан зор үлесін қосқан академик Т.Шармановтың өмір жолы жайлы фильм көрсетіліп, тарихи маңызды еңбектерінен сыр шертетін мұражайымен таныстырылды.
ІІІ кезеңнің нәтижелерін ҚазҰМУ Х.Досмұхамедов атындағы «Қоғамдық денсаулық сақтау» мектебі ғылым комитетінің мүшелері 15-17.04.2026ж. жобаларды қорғаудан кейін, қазылар алқасының жиналысында қорытындылады. Олимпиада жеңімпаздарына С.Ж Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің I, II, III дәрежелі дипломдары, «Үздік ғылыми жоба», «Үздік инновациялық идея», «Үздік топтық жұмыс», «Жобаның тәжірибелік маңызы», «Ең креативті қатысушы», «Кәсіби көзқарас», «Ғылыми идеясы үздік жоба», «Үздік баяндама/презентация», «Өзекті зерттеу», «Үздік стартап» номинациялары, сондай ақ, ғылыми жектекшілер мен басшылықтарға алғыс хаттар, қолдау көрсеткен «Herbalife», «Самал су» компанияларының сыйлықтары әрбір қатысушыға табысталды.
Олимпиадаға қатысушылар, Қожахметова А.Н., Беисбекова А.Қ. бастаған ұйымдастыру комитетіне әр кезеңнің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына ризашылықтарын білдіріп, «халық денсаулығы мен сау ұлттың негізін» нығайтуға қажетті тәжірибелік дағдылар мен ғылыми құзыреттіліктерін олимпиада барысында дамытқанын атап өтті.


























