“Гинекология саласы бойынша медициналық терминдерді біріздендіру” атты кітаптың тұсаукесері өтті
Ұлттық госпитальде “Гинекология саласы бойынша медициналық терминдерді біріздендіру” атты кітаптың тұсаукесері өтті.
Іс – шараға Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық терминология комиссиясының төрағасы Б.Шәкенов, филология ғылымдарының докторы, профессор Г. Орда, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің неврология және қолданбалы нейроғылымдар ғылыми-білім беру орталығының жетекшісі, медицина ғылымдарынң докторы А.Қондыбаева және осы білім ордасының тілдік пәндер кафедрасысның қауымдастырылған профессоры міндетін атқарушы Т.Зайсанбаев, Абай атындағы ҚазҰПУ-нің қауымдастырылған профессоры Г.Асқарова және аурухана дәрігерлері қатысты.
Кітап авторлары: Ұлттық госпитальдің мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі маманы, филология ғылымдарының кандидаты А.Өтен, аурухананың гинеколог дәрігері, медицина магистрі Ш.Алиева, С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ гистология кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор, Республикалық терминологиялық комиссияның мүшесі М.Ерғазина. Әдістемелік кұралда күнделікті жиі қолданылатын жекелеген медициналық сөздер мен терминдердің қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқалары берілген. Кітап студенттер мен магистранттарға және барлық емдеу мекемелерінің қызметкерлеріне арналған.
Бұл еңбек терминдер медицинаның іргелі пәндерінде, клинкалық пәндерде, денсаулық сақтау мекемелерінде біркелкі қолданылсын деген мақсатта шығарылған.
Біз студенттерге терминдерді қолдануды үйреткенмен, олар оқулықта қалай жазылды солай қолданады, сондықтан іргелі пәндерден бастап, ары қарай клиникалық пәндерге жалғастырып, медицина саласында жұмыс істегенде де сол терминдерді қолданғанын қалаймыз. Сол себепті тұңғыш рет осы істі қолға алдық. Алғашқы тәжірибемізде гинекология дан бастадық. Ары қарай басқа салаларға бет бұрамыз – дейді С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ гистология кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор, Республикалық терминологиялық комиссияның мүшесі М.Ерғазина. Осыған дейін елімізде жарық көрген 30 томдық сөздіктің 14 томы медицинаға арналған, бірақ ол медицина салаларына бөлінбеген. Бұл жинақ сала бойынша қолға алынған алғашқы сөздік.






