Иммундау апталығы: болашақ эпидемиологтардың тәжірибе алаңы
Еуропалық иммундау апталығы аясында С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің студенттері Ұлттық санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг орталығына барды.
Іс-шараның мақсаты – студенттердің жұқпалы аурулардың алдын алу саласындағы білім деңгейін арттыру, тәжірибелік дағдыларын нығайту және эпидемиология мен қоғамдық денсаулық сақтау мәселелеріне кәсіби қызығушылықтарын қалыптастыру болды.
Сапар барысында студенттер отандық эпидемиология ғылымының көрнекті өкілі, санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің дамуына зор үлес қосқан ғалым, микробиолог Каральник Борис Вольфовичтің дәрісін тыңдады. Дәріс жұқпалы патологияның өзекті мәселелеріне, аурулардың алдын алу мен халықты қорғаудың заманауи тәсілдеріне арналды.
Іс-шара барысында вакцинация, эпидемиологиялық қадағалау және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз етудегі қоғамдық денсаулық сақтау мамандарының рөліне ерекше назар аударылды.
Аталған іс-шара студенттердің теориялық білімдерін тереңдетуге, профильдік мекеменің практикалық қызметімен танысуға және эпидемиология саласындағы жетекші мамандармен кәсіби қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік берді.
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті Ұлттық санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг орталығына, сондай-ақ Каральник Борис Вольфовичке мазмұнды дәрісі мен болашақ мамандарды даярлауға қосқан үлесі үшін алғыс білдіреді.






