Коммуникативтік дағдылар кафедрасы (ЖММ-1) халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуде: Армениядағы академиялық ұтқырлық қорытындылары
2026 жылғы 15-20 маусым аралығында С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Коммуникативтік дағдылар кафедрасының (ЖММ-1) қызметкерлері – кафедра меңгерушісінің міндетін атқарушы Абсатарова Гүлбану Пернекуловна және профессор ассистенті Құдайбергенова Айжан Жақанбайқызы – Мхитар Гераци атындағы Ереван мемлекеттік медицина университетінде (Армения Республикасы) академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында болды.
Сапардың маңызды нәтижелерінің бірі екі жоғары оқу орны арасында ынтымақтастық туралы меморандум мен екіжақты академиялық ұтқырлық бағдарламасына қол қойылуы болды. Бұл халықаралық әріптестікті дамытуға және академиялық байланыстарды нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Іссапар барысында университет басшылығымен кездесулер өткізіліп, ғылыми-әдістемелік іс-шараларға қатысу жүзеге асырылды. Сонымен қатар, MHS Mental Health Service практикалық базасы мен ЕММУ тестілеу орталығына бару ұйымдастырылды. Сондай-ақ Ереван мемлекеттік университетінің өкілдерімен жұмыс кездесуі өтіп, студенттердің кәсіби сәйкестілігін қалыптастыру және цифрлық ортаның болашақ мамандарды даярлауға әсері мәселелері талқыланды.
Академиялық ұтқырлық бағдарламасының нәтижелері халықаралық байланыстарды нығайтуға, тәжірибе алмасуға және Қазақстан мен Армения университеттері арасындағы бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды дамытуға ықпал етеді.










