ҚазҰМУ-да ANaMed Forum – New Generation 2026 қорытындыланды: медицина, ғылым және жасанды интеллект бір алаңда тоғысты
С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да ANaMed Forum – New Generation 2026 халықаралық форумы өз мәресіне жетті. Ауқымы мен мазмұны жағынан бұл форум биыл өңірдегі ең ірі медициналық және ғылыми-білім беру алаңдарының біріне айналды.
Биыл форумға әлемнің 23 елінен 1550-ден астам қатысушы жиналды. Алматыға Қазақстан, АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия және өзге де мемлекеттерден жетекші ғалымдар, дәрігерлер, халықаралық сарапшылар, жас зерттеушілер, университеттер мен клиникалардың өкілдері, стартап-командалар және технологиялық жобалар авторлары келді.
Форумның басты тақырыбы «AI-Driven Personalization: Medicine & Education». Екі күн бойы қатысушылар жасанды интеллектінің диагностика, хирургиялық жоспарлау, онкология, кардиология, педиатрия, акушерия, медициналық білім беру және клиникалық шешім қабылдау жүйесіне қалай ықпал етіп жатқанын талқылады.
ҚазҰМУ ректоры Марат Шорановтың айтуынша, ANaMed Forum – New Generation 2026 медицина білімі, ғылым және практикалық денсаулық сақтау бағытындағы жаңа бастамаларды біріктірген маңызды халықаралық алаң болды.
Ректордың айтуынша, қазіргі медициналық университеттің міндеті тек маман даярлаумен шектелмейді. Бүгінде университет жаңа ғылыми идеялар туындайтын, технологиялар дамитын және медицинадағы өзгерістерге бейім жаңа буын мамандар қалыптасатын ортаға айналуы қажет.
Форум аясында ұйымдастырылған ANaMed AI Challenge хакатоны, Технологияларды коммерцияландыру реакторы мен Жас ғалымдар байқауы ҚазҰМУ-да ғылым мен инновация бағытындағы жұмыстардың жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетті. Бұл алаңдар студенттерді, резиденттерді, жас зерттеушілерді, дәрігерлерді, инженерлер мен стартап-командаларды денсаулық сақтау саласына арналған ортақ жобаларға біріктірді.
Форум аясында Жас ғалымдар байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқауда генетика мен жасанды интеллект, клиникалық неврология, ішкі аурулар, хирургия, акушерия мен гинекология, педиатрия, стоматология, қоғамдық денсаулық сақтау, фармация және медицинадағы AI бағытындағы пәнаралық зерттеулер бойынша үздік ғылыми жұмыстар анықталды. Жеңімпаздарға форумның жабылу рәсімінде арнайы сертификаттар табысталды.
Жас ғалымдар байқауы форум бағдарламасындағы маңызды алаңдардың біріне айналды. Мұнда жас зерттеушілер медицина саласындағы өз жобалары мен ғылыми жұмыстарын ұсынды. Резиденттер, докторанттар, магистранттар, интерндер мен студенттер жасанды интеллектіні клиникалық тәжірибеде қолдану, емдеу тәсілдерін жетілдіру, аурулардың алдын алу және медициналық білімді дамыту бағытындағы зерттеулерін таныстырды.
Қатысушылардың ерекше назарын аударған алаңдардың бірі – денсаулық сақтау мен медициналық білім беру саласына арналған AI-шешімдерді әзірлеуге бағытталған ANaMed AI Challenge хакатоны болды. Финалға Қазақстан, Қытай, Қырғызстан және Өзбекстаннан келіп түскен 75 өтінімнің ішінен үздік деп танылған 10 жоба жолдама алды. Хакатон жас дәрігерлердің, ғалымдар мен әзірлеушілердің медицина саласына арналған нақты технологиялық жобалар ұсына алатынын көрсетті.
Форум аясындағы маңызды алаңдардың тағы бірі – Ғылым қорымен бірлесіп ұйымдастырылған Технологияларды коммерцияландыру реакторы. Мұнда медициналық технологиялар, фармацевтика, цифрлық денсаулық сақтау, функционалдық өнімдер, профилактикалық құралдар, симуляциялық оқыту және ғылыми стартаптар бағытындағы инновациялық жобалар таныстырылды.
Реактор барысында медициналық және фармацевтикалық жобалардың питч-сессиялары өтіп, қатысушылар өз әзірлемелерін әлеуетті серіктестерге ұсынды. Жобалар қатарында фармацевтикалық өнімдерді қабылдауды биометриялық бақылау жүйесі, отандық дәрілік өсімдіктерден әзірленген функционалдық фито-шайлар, қызыл иекке арналған мукоадгезивті паста, Ajania Fruticulosa өсімдігі негізіндегі соруға арналған таблеткалар, созылмалы вирустық гепатиттердің алдын алуға арналған бие сүті негізіндегі өнім, шаш түсуіне қарсы қатты сусабындар, табиғи косметика, гликемиялық индексі төмен функционалдық балмұздақ, емдік-профилактикалық сусындар, лапароскопиялық және роботтандырылған хирургияға арналған симуляциялық орталық, MiraiTech Innovations жобасы, функционалдық сүт десерттері және өзге де әзірлемелер ұсынылды.
Технологияларды коммерцияландыру реакторы форумның ғылыми бағдарламасын тәжірибемен ұштастырған алаңға айналды. Мұнда ғылыми жобалар зерттеу деңгейінде ғана қалып қоймай, болашақта өндіріске енгізуге және нарыққа шығаруға болатын нақты өнімдер мен технологиялар ретінде ұсынылды. Ұсынылған бастамалар университет ғылымының денсаулық сақтау, фармацевтика, профилактикалық медицина, реабилитация және хирургиялық оқыту салаларындағы нақты сұраныстарға жауап бере алатынын көрсетті.
ҚазҰМУ ректоры Марат Шорановтың айтуынша, мұндай жобалар университеттің бүгінгі рөлін айқын көрсетеді. Яғни, ғылымды, клиникалық тәжірибені және технологиялық әзірлемелерді денсаулық сақтау жүйесінің қажеттіліктерімен байланыстыру. ҚазҰМУ бүгінде ғылыми идеялардың тек мақала немесе баяндама деңгейінде қалмай, практикаға енгізілуіне жол ашатын орта қалыптастырып келеді.
Ректор жас зерттеушілердің белсенділігіне де ерекше тоқталды. Оның сөзінше, Жас ғалымдар байқауы студенттердің, резиденттердің, магистранттар мен докторанттардың ғылыми дайындығының жоғары деңгейін көрсетті. Қатысушылар медицинадағы жасанды интеллект, генетика, хирургия, ішкі аурулар, педиатрия, акушерия және гинекология, стоматология, қоғамдық денсаулық сақтау, фармация және мейіргер ісі бағытындағы зерттеулерін ұсынды.
Марат Шоранов университет үшін осындай бастамаларды қолдау маңызды екенін атап өтті. Өйткені болашақ медицинасы ғылым, білім, технология және практикалық тәжірибе тоғысқан жерде қалыптасады. Осы бағытта ҚазҰМУ жас ғалымдар мен студенттердің идеядан бастап нақты жобаға дейінгі жолдан өтуіне мүмкіндік беретін инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытып келеді.
ANaMed Forum – New Generation 2026 ҚазҰМУ-дың еліміздегі жетекші медициналық университеттердің бірі ретіндегі орнын тағы бір мәрте айқындады. Форум ғылымды, медициналық практиканы, білім беруді, технологияларды және жастар бастамаларын бір алаңға тоғыстырды.
Бүгінде ҚазҰМУ жаңа буын медициналық көшбасшыларын біріктіретін орталыққа айналып келеді. Мұнда ғылыми идеялар нақты технологияларға ұласып, жас зерттеушілер денсаулық сақтау саласының дамуына өз үлесін қосуда.











































































