ҚазҰМУ студенттері Future Lab олимпиадасында I орынды иеленді
«ҚазҰМУ көшбасшылары» командасы С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті атынан Халықаралық студенттік Future Lab олимпиадасында лайықты өнер көрсетіп, I орынды жеңіп алды.
Бұл жай ғана жарыстағы жеңіс емес. Бұл – ҚазҰМУ студенттерінің нақты клиникалық тәжірибеге барынша жақын жағдайларда жұмыс істей алатынын, жылдам шешім қабылдап, жауапкершілік алып, нағыз медициналық команда ретінде әрекет ететінін дәлелдейді.
Олимпиада заманауи симуляциялық технологиялар мен клиникалық кейстерді біріктірді: қатысушылар XR/VR технологияларын, роботтандырылған тренажерларды және шұғыл көмек көрсету сценарийлерін қолдана отырып, түрлі станциялардан өтті. Мұнда тек білім ғана емес, сонымен қатар клиникалық ойлау, практикалық дағдылар, стрессқа төзімділік және көшбасшылық қасиеттер бағаланды.
Осындай сынақтарда студенттеріміздің мықты қырлары айқын көрінді: кәсібилік, жинақылық, командалық рух және шынайы дәрігерлік тәжірибеге дайындық.
«ҚазҰМУ көшбасшылары» командасының құрамында: Орынбасаров Төремұрат, Абдукахарова Азиза, Батырхан Елдана, Исмагулов Фархад және Нуртаева Лаура болды.
Команданың ғылыми жетекшісі – медицина ғылымдарының магистрі, профессор ассистенті, профессор Н.А. Барлыбаева атындағы балалар аурулары кафедрасының өкілі Райхан Сагимова.
Тиянақты дайындықтың, рөлдерді дұрыс бөлудің және нағыз ұйымшылдықтың арқасында команда жарыстың барлық кезеңінен сәтті өтіп, ҚазҰМУ-да бүгіннен бастап болашақ медицинаның көшбасшылары болуға дайын студенттер білім алып жатқанын дәлелдеді.
«Біз үшін бұл жай ғана жарыс емес, дәрігер жұмысына барынша жақын жағдайда өзімізді сынап көру мүмкіндігі болды. Біз командалық жұмыстың, жылдам ойлаудың және өз әрекеттерімізге сенімді болудың қаншалықты маңызды екенін түсіндік», – дейді команда қатысушылары.
Студенттерімізді мақтан тұтамыз.
ҚазҰМУ-ды мақтан тұтамыз.
Мақтанышымыз мол!











