Ұлттық емтиханға, сессияға дайындық, құқықтық-тәрбие және діни мәселелер бойынша кездесу
2026 жылғы 20 сәуірде С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Жалпы медицина-1 мектебі деканатының ұйымдастыруымен 2–3 курс білім алушыларымен мазмұнды кездесу өтті.
Кездесу барысында 3 курс студенттеріне университет проректоры Қалматаева Ж.А., Жалпы медицина-1 мектебінің деканы Измайлова С.Х. және декан орынбасары Тагирова Р.Т. Ұлттық тәуелсіз емтиханға және алдағы сессияға дайындық мәселелері бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, білім алушыларға сессия алдындағы психологиялық және академиялық қолдау көрсету мақсатында коммуникативтік дағдылар кафедрасының меңгерушісі Тұрсынбекова А.Е. сөз сөйледі.
Аталған кездесу Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің тапсырмаларын іске асыру аясында «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» және «Адал азамат» қағидаттарына негізделген тәрбиелік-танымдық іс-шаралармен ұштастырылды.
Іс-шараның маңызды бөлігі ретінде жастар арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу тақырыбы қамтылды. Осы бағытта Алматы қаласының ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы, философ Күдерина Айжан Нұрхамитқызы арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесу барысында білім алушыларға толеранттылық мәдениетін қалыптастыру, құқықтық сауаттылықты арттыру және экстремистік идеологияларға қарсы иммунитетті нығайту мәселелері кеңінен түсіндірілді.
Іс-шара қорытындысы бойынша студенттердің құқықтық мәдениетін арттыру, азаматтық жауапкершілігін күшейту, сондай-ақ салауатты және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыстарды одан әрі жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді.







