Дүбірлі додаға қосқан үлесіміз (Фото)
Бірнеше күн бойы бүкіл әлемді өзіне қаратқан 28-Бүкіләлемдік Қысқы Универсиада өз мәресіне келіп жетті. Әлемнің 57 елінен келген 2 мыңға жуық студент Универсиаданың басты қаhармандары болды. Универсиада әлемге Қазақстан Республикасының табиғаты мен тұрмысының әсемдігін паш етіп қана қоймай, Қазақстан да әлемдік деңгейдегі дүбірлі доданы өткізуге мүмкіншілгі барын дәлелдеп берді. Бір сөзбен айтқанда, Алматыда өткен Бүкіләлемдік Универсиада Қазақстан елінің әлемдік қауымдастықтағы беделді орнын айқындайтын, елдің ішкі өмірі мен экономикасына, спорты мен туризміне де жақсы әсер ететін ірі халықаралық спорттық шара болды. Бұл жарыста біздің спортшыларымыз да тамаша өнер көрсетіп, Универсиада тарихында бірінші рет 36 медаль алды, оның 11 алтын, 8 күміс, 17 қола болды.
Универсиаданың жоғарғы деңгейде өтуіне С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің 130 студенттері, интерндері және резиденттері де өз үлестерін қосты. Университетіміздің білім алушыларының ішінен іріктеліп алынған, ағылшын және басқа тілдерді жетік білетін еріктілер Универсиадада медициналық қызмет көрсетуші дәрігер-мамандарымызға көмек көрсеті. Жарыс өткен барлық нысандарға бөлініп, жарысқа қатысушыларға медициналық көмек көрсетуге дайын болды. Бұдан басқа, атлетикалық мекен-жайда, допинг бақылау орталығында қызмет көрсетті. Университетіміздің атынан барған жастарымыз Отан алдындағы азаматтық міндеттерін орындай отырып, еліміздің қоғамдық өміріне белсене араласатындарын дәлелдеп берді. Болашақ дәрігерлеріміз аталған жарыста өз кәсіби шеберліктерін шыңдап, баға жетпес тәжірибе де жинақтады.