COVID-19: қытайлық дәрігерлер Алматыдағы науқастарды емдеуге көмектеспек
Қытай дәрігерлері бүгін Алматыға барды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Олар онлайн семинар арқылы алматылық дәрігерлермен байланысып, қауіпті індетті емдеудің тиімді әдістерімен бөлісті. Айта кетейік, Қытай дәрігерлері бұған дейін Нұр-Сұлтан, Қарағанды қалаларында болып, тәжірибелерімен бөліскен еді.
Тез арада тарайтын індеттің алдын алу үшін ең бастысы оқшалану керек дейді қытайлық дәрігерлер. Ауруды ерте анықтап, науқасты жеке ұстау – нәтижеге жетудің бірден бір жолы. Сондай-ақ залалсыздандырудың дұрыс жүргізілуі де аты жаман ауруды ауыздықтауға көмектеседі.
Чен Лу, нефролог дәрігер:
– Емдеу барысында Қытай дәрігерлері негізгі 4 бағытты басымдыққа алды. Ең бастысы – ауруды ерте анықтау. Сондай-ақ медицина қызметкерлерін бір жерге топтап, емдеу шараларының нәтижелі болуына баса назар аудардық. Шөп дәрілерді де қолдандық. Осындай екіжақты семинарлар арқылы ауруды емдеудің жаңа әдістерін талқылаймыз.
Онлайн семинарда алматылық дәрігерлер коронавирус инфекциясының алдын алу мен емдеуге қатысты сұрақтарын қойды. Мұндай тәжірибе алмасудың отандық дәрігерлер үшін көмегі зор дейді мамандар.
Талғат Нұрғожин, С.Асфендияров атындағы ҚАЗҰМУ ректоры:
– Бұл жаңа ауру болғандықтан, тәжірибе алмасу үлкен көмек. Өйткені клиникалық жағдайы, емдеу тәсілдері, дезинфекциялық дәрістемелердің өткізілуі өте қиын. Қытай дәрігерлерінің тәжірибесі бізге қажет.
Онлайн семинарға 700-ден аса дәрігер қатысты. 10 адамнан тұратын қытайлық делегация Алматыда алдағы 4 күнде коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарды емдеуге көмектеспек.