«ҚАУЫМДАСТЫҚ – АЛҒАШҚЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ-САНИТАРИЯЛЫҚ КӨМЕКТІҢ ДАМУЫНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ» атты Халықаралық конгресс
2025 жылғы 13-14 қарашада Алматы қаласында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасымен және «Primary Health Care» ұлттық қауымдастығымен бірлесіп, «С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті» КЕАҚ базасында алғашқы денсаулық сақтау бойынша Алматы декларациясы мен Астана декларациясына арналған «Қауымдастық – алғашқы медициналық-санитариялық көмектің дамуының қозғаушы күші» атты Халықаралық Конгресс өткізеді.
Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мүшесі болып табылады және әлемдегі алғашқы медициналық-санитариялық көмектің (АМСК) дамуы осы ұйыммен тығыз байланысты. 1978 жылы Алматы қаласында ДДСҰ-ның АМСК жөніндегі халықаралық конференциясы өткізіліп, Алматы декларациясы қабылданды. Бұл құжат АМСК-тегі командалық тәсілдің маңыздылығын айқындап, денсаулық сақтауда жаңа дәуірдің басталуына жол ашты.
2018 жылы Астанада ДДСҰ-ның мерейтойлық халықаралық конференциясы өтті, онда АМСК бойынша Астана декларациясы қабылданды. Бұл құжат АМСК-нің заманауи тұжырымдамасын айқындап, денсаулық сақтау саласының негізгі құндылығы және «адам мен оның қажеттіліктеріне назар аударудың» жаңа парадигмасы ретінде насихаттайды.
Алайда декларациядан тәжірибеге көшу жолында бірқатар күрделі қиындықтарға тап болдық. АМСК рөлі туралы түсініктің жеткіліксіздігі, пәнаралық командалық тәсілдің тиімді модельдеріне қатысты белгісіздік және АМСК командалары мен қауымдастықтар арасындағы нақты ынтымақтастық тетіктеріне арналған зерттеулердің айқын тапшылығы сақталуда.
Астана декларациясында қауымдастықтың белсенді қатысуы – жергілікті қауым өкілдері, медицина қызметкерлері және басқа да ұйымдар арасындағы тұрақты диалог халық денсаулығын жақсартудың басты тетігі екендігі ерекше атап өтілді.
Бұл процесс жеке адамдардың және тұтастай алғанда халықтың денсаулығы денсаулықтың әлеуметтік детерминанттарын түсінуге және барлығының бірлескен күш-жігері арқылы халықтың денсаулығына қамқорлық жасауға байланысты екенін түсінуге негізделген.
Конгресс мақсаты – АМСК шеңберінде қауымдастықтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту тетіктерін талқылау, тиімді өзара іс-қимыл мен серіктестік үлгілерін құрудағы ұлттық және халықаралық табысты тәжірибені зерделеу. Сондай-ақ пациенттер мен олардың отбасылары, халық топтары, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар арасындағы ынтымақтастық арқылы халықтың қажеттіліктеріне бейімделген сапалы медициналық-әлеуметтік көмек пен қолдауды қамтамасыз етуге бағытталған оң өзгерістерге қол жеткізу.
Халықаралық конгреске Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстан Денсаулық сақтау министрліктерінің өкілдері қатысады. Сондай-ақ ДДСҰ Еуропалық АМСК орталығының және ДДСҰ Елдік кеңсесінің сарапшылары мен кеңесшілері, аймақтық денсаулық сақтау департаменттерінің, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, АМСК ұйымдарының, медициналық жоғары оқу орындары мен колледждердің, сондай-ақ ұлттық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері де қатысады.
Конгресс аясында қатысушылар Еңбекшіқазақ ауданының үздік тәжірибе орталықтарының, сондай-ақ Алматы қаласындағы №4 және №29 қалалық емханалардың медициналық-әлеуметтік инновацияларымен танысады.
АМСК ұйымдарының үздік мамандары мен белсенді қоғам көшбасшылары марапатталады.
Бұл форумның ерекшелігі – медицина қызметкерлерінің ғана емес, сонымен қатар ауылдық және қалалық әкімдіктердің, мектептердің, халықтың белсенді мүшелерінің, «Халық Кеңесінің» төрағаларының, еріктілердің және «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің қатысуы және баяндама жасауы.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының консультанттары саясаткерлер мен АМСК басшылары үшін «Баршаның денсаулығы үшін АМСК-тің инновациялық және тұрақты дамуына саяси міндеттеме мен көшбасшылықты қамтамасыз ету» атты бөлек сессия өткізеді, онда олар қауымдастықтар мен билік органдарын ынтымақтастық мәселелеріне тартудағы және осал топтардың медициналық қызметтерге қол жеткізудегі кедергілерді жоюдағы негізгі қиындықтарды белгілейді.
Айта кету керек, жеткен жетістіктерге қарамастан, кәсіби қауымдастық көптеген кедергілер мен қиындықтардың әлі де бар екенін және АМСК бойынша ДДСҰ декларацияларында қабылданған міндеттемелерді толық іске асыру үшін әлі де атқарылатын жұмыс көп екенін мойындайды.
Барлық қатысушылар қарар қабылдайды.



