Қазақстанда жасы 65-тен асқан 1 миллиондай қария бар екен
Қазақстанда жасы 65-тен асқан 1 миллиондай қария бар екен. Ал 2050 жылдары бұл көрсеткіш екі есе ұлғаюы мүмкін. Қарттардың қоғамдағы орны мен қиындықтарын талқыға салған мамандар Алматыдағы Ардагерлер үйінде бас қосты. Бірнеше жылдан бері кәрілікке дауа іздеп, түрлі зерттеулер жасап жүрген отандық ғалымдардың қандай нәтижеге жеткенін Жарас Ниязбек біліп қайтты.
Жасы алпыстан асқанда басы ауырып, балтыры сыздайтындарға медициналық көмектен гөрі әлеуметтік қолдау маңызды екен. Алматының 3000 қариясына зерттеу жүргізген ғылыми орталық мамандары осындай тоқтамға келіпті. 75 жастан асқан тұрғындардың 95 пайызы әлеуметтік көмекке мұқтаж. Жарты ғасыр өмірін медицинаға арнаған білікті маман қариялар ауырып ем іздемей, ауырмайтын жол іздеуі тиіс дейді.
ТАЛАПҚАЛИ ІЗМҰХАМЕДОВ, профессор:
– Денсаулық деген – менің түсінгенім бірінші мынау, басың, екінші денең. Денеңді жақсы ұстау керек. Бағана айттық, қимылдау керек, дұрыс тамақтану керек. Но мына жерді өзгерту үшін, жаңа айтып кеттік, аптека, больницалар денсаулық әкелмейді, ол қате. Денсаулықты өзің әкелесің.
80 жылдары Денсаулық сақтау министрі болған профессор адам өз-өзін күтсе 120 жас өмір сүреді дейді. Зерттеу жүргізген мамандар тұрғындардың ұзақ жасауы біріншіден, қоғамның дамуы десе, екіншіден бұл үрдістің кері әсері де барын айтады. Оларды жұмыспен қамту, әлеуметтік қамқорлыққа алу, медициналық көмек көрсету мемлекет үшін үлкен мәселе. Ал қариялардың осындай қиындықтарын толық шеше алмай тұрып, кәрілікпен күресу, ұзақ жасаудың жолын іздеу аса маңызды емес дейді ғалымдар.
АЙҚАН АҚАНОВ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
– Жалғыз эликсир тауып, бір таблеткамен кәрілікті шешу мүмкін емес ол. Әрине, медицина жағынан бір проблемаларды шешерсіздер. Денсаулықта проблема болып, аурудың қиындықтарын шешуге болады. Бірақ әлеуметтік жағынан, психологиялық жағынан проблемаларды шеше алмайсыздар.
Жиынның басты ұстанымы – тәжірибелі қарияларды қоғамнан шеттетпей жұмыс істету, еңбек етуге мүмкіндік беру керек дегендей болды. Ал қарттықпен күресудің нақты жолдарын ұсынбаса да, ғалымдар мен медицина мамандары салауатты өмір салты әзірге ұзақ жасаудың кепілі деп түйді.
Жарас Ниязбек, Ринат Абулхайров.
– See more at: http://www.31.kz/video/show/id/11833#sthash.043hnv5E.dpuf