Дүниежүзілік инсультқа қарсы күрес ұйымының (WSO) президенті ҚазҰМУ ғалымдарының халықаралық конгресті ұйымдастыруға қосқан үлесін жоғары бағалады
Дүниежүзілік инсультқа қарсы күрес ұйымының (World Stroke Organization, WSO) президенті, профессор доктор Джейарадж Д. Пандиан өзінің мамыр айындағы ресми есебінде Алматыда өткен ауқымды халықаралық конгресті айдың басты оқиғаларының бірі ретінде атап өтіп, оны ұйымдастыруға өлшеусіз үлес қосқан ҚазҰМУ-дың жүйке аурулары кафедрасының қызметкерлеріне зор алғысын білдірді.
WSO ұйымының ресми ресурсында жарияланған мамыр айындағы үндеуінде ұйым басшысы жаһандық деңгейдегі негізгі бастамалардың қорытындыларын шығарды. Профессор Пандиан 29–30 мамыр күндері Алматы қаласында өткен «Неврологияның өзекті мәселелері: білім беру мен клиникалық тәжірибеге басымдық» атты халықаралық конгреске ерекше тоқталды. Бұл шара Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азия медициналық қауымдастығы үшін тарихи оқиғаға айналды. Өйткені алғаш рет бір алаңда WSO ұйымының басшылығы мен инсультология саласындағы әлемнің жетекші сарапшылары бас қосты.
Конгресс аясында WSO ұйымының мамандандырылған симпозиумы өтті. Өз есебінде ұйым президенті С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің жүйке аурулары кафедрасының қызметкерлері – профессор Е.С. Нургужаев пен кафедра меңгерушісі С.Т. Турупекованың жоғары деңгейдегі дайындық пен ұйымдастырушылық қолдауын ерекше атап өтті.
Профессор доктор Джейарадж Д. Пандиан өз баяндамасында:
«Маған инсульттің жаһандық ауыртпалығын азайтуға бағытталған Дүниежүзілік инсульт симпозиумының стратегиялары туралы пленарлық дәріс оқу мүмкіндігі берілді. Біз WSO инсульт орталықтарын сертификаттау бағдарламасын енгізу арқылы инсультке көмек көрсету сапасын стандарттау және арттыру мақсатында Орталық Азиядағы инсульт орталықтарымен ынтымақтастықты нығайтуға үміттенеміз», – деп атап өтті.
Осындай жоғары деңгейдегі іс-шараны ұйымдастыруға қатысу ҚазҰМУ-дың еліміздің жетекші ғылыми-білім беру орталығы ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеп, оның халықаралық медициналық қауымдастықтағы бедел ін нығайта түсті.





