ANaMed Forum серіктестері AI-жобалар мен балалар ортопедиясын қолдады
С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да өткен ANaMed Forum – New Generation 2026 форумының жабылуында ANaMed AI Challenge 2026 хакатонының қорытындысы бойынша іріктелген инновациялық жобаларға сертификаттар табысталды.
Форум серіктестері – Hyundae Hospital президенті Ким Бу Соп пен Shin-Line компаниялар тобының президенті Андрей Шин жас зерттеушілер мен медициналық бастамаларды қолдауға атсалысты.
Хакатон нәтижесінде медицина мен денсаулық сақтау саласына арналған перспективалы AI-шешімдер ұсынған бес жоба марапатталды:
- DiabetAI
- Gluco Track
- Qamqor
- AndroLife & Ake Team
- KaryoLab
Әр жобаға 2 000 АҚШ доллары көлемінде сертификат табысталды.
Форум аясында ерекше қолдау көрсетілген жобалардың бірі – ҚазҰМУ-дың «Ақсай» клиникасындағы балалар ортопедиясы бөлімшесінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Исамдун Қаудынұлы Харамовтың жобасы болды. Серіктестер оның жобасын дамытуға 20 000 АҚШ доллары көлемінде сертификат ұсынды.
Исамдун Харамов – еліміздегі жетекші балалар ортопедтерінің бірі. Ол ауыр ортопедиялық патологиясы бар балаларға күрделі операциялар жасап, көптеген пациенттің қалыпты өмірге оралуына көмектесіп келеді. Дәрігердің кәсіби еңбегі «Алтын дәрігер» медалімен марапатталған.
Форум серіктестерінің бұл қолдауы ANaMed Forum-ның негізгі идеясын айқын көрсетті: медицинадағы инновация тек технология мен алгоритмдерден тұрмайды, оның басты өлшемі – пациент өміріндегі нақты өзгеріс.
Ұйымдастырушылар Андрей Шиннің медицина саласына да қатысы бар екенін ерекше атап өтті. Ол медициналық институттың емдеу факультетін тәмамдаған. Сондықтан оның форум аясындағы медициналық жобаларды қолдауы кәсіби ортаға деген ерекше жанашырлықтың белгісі ретінде бағаланды.
Форум ұйымдастырушылары серіктестерге жас ғалымдарды, инновациялық жобаларды және медицина, ғылым мен денсаулық сақтау технологияларын дамытуға бағытталған бастамаларды қолдағаны үшін алғыс білдірді.
ANaMed Forum – New Generation 2026 университет, дәрігерлер, жас ғалымдар, бизнес пен халықаралық серіктестер біріккен кезде идеялардың нақты медициналық шешімдерге айналатынын көрсетті.











