XXI ғасыр психолингвистикасы: Жүйке аурулары кафедрасының қызметкерлері халықаралық ғылыми диалогқа қатысты
2026 жылғы 4 маусымда С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Жүйке аурулары кафедрасының қауымдастырылған профессоры Нуржанова Роза Балтабаевна мен кафедра ассистенті Мамашаев Нұрмұхамед Каримжанұлы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ұйымдастырған «Психолингвистиканың өзекті мәселелері» атты халықаралық дөңгелек үстелге қатысты.
Іс-шара «Тіл және сана» психолингвистикалық секциясының ғылыми-лингвистикалық алаңында өтіп, Қазақстан мен шетелдерден келген тіл білімі, психолингвистика, білім беру, когнитивтік зерттеулер және медицина салаларының мамандарын біріктірді. Халықаралық дөңгелек үстел барысында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының, Ұлттық зерттеу университеті «Жоғары экономика мектебінің», Баку Еуразия университетінің және басқа да ғылыми-білім беру ұйымдарының өкілдері баяндама жасады. Шетелдік қатысушылар қатарында профессор Ольга Драгой (Жоғары экономика мектебі) және Әзербайжан Республикасының ғылыми қауымдастығының өкілдері болды.
Іс-шара барысында психолингвистиканың заманауи мәселелері, тілдік сана, қостілділік, сөйлеу дамуы, когнитивтік үдерістер және гуманитарлық пен медициналық ғылымдар арасындағы пәнаралық ықпалдастықтың перспективалары талқыланды.
ҚазҰМУ-дың Жүйке аурулары кафедрасы атынан Мамашаев Нұрмұхамед Каримжанұлы спикер ретінде «Неврологиялық тәжірибеде когнитивтік бұзылыстарды ерте анықтауға арналған клиникалық-лингвистикалық шкалаларды бейімдеу» тақырыбында баяндама жасап, Қазақстанның көптілді ортасында нейрокогнитивтік шкалаларды қолдану және бейімдеу мәселелеріне тоқталды.
Дөңгелек үстел аясында неврология, психолингвистика және тіл білімі салалары мамандары арасындағы ынтымақтастықтың келешегіне ерекше назар аударылды. Қазіргі уақытта Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен ҚазҰМУ-дың Жүйке аурулары кафедрасы қазақ тіліндегі нейрокогнитивтік шкалаларды бейімдеу және лингвистикалық валидациялау бойынша бірлескен жұмыс жүргізуде.
Аталған жұмыс Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Жүйке аурулары кафедрасының және Қазақстан Республикасы Неврологтар қауымдастығының қолдауымен жүзеге асырылуда. Жобаны Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Анар Мұратқызы Фазылжан, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Мадина Қабылқызы Абаева, PhD, Жүйке аурулары кафедрасының меңгерушісі Туруспекова Сауле Тлеубергеновна, қауымдастырылған профессор Нуржанова Роза Балтабаевна, сондай-ақ MPH, PhD, қауымдастырылған профессор Цой Радмила Тимсоновна және кафедра ассистенті Мамашаев Нұрмұхамед Каримжанұлы үйлестіруде.
Нейрокогнитивтік шкалаларды бейімдеу жұмысы сондай-ақ Kazakhstan Alzheimer & Dementia Alliance (KA&DA) және Қазақстан Республикасы Неврологтар қауымдастығы қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып табылады.
Осындай ғылыми іс-шараларға қатысу пәнаралық ғылыми байланыстарды дамытуға, медициналық және гуманитарлық ғылыми қауымдастықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ Қазақстан халқының тілдік және мәдени ерекшеліктеріне бейімделген заманауи диагностикалық құралдарды әзірлеуге ықпал етеді.










