ҚазҰМУ-ға Корея Республикасындағы Католик университетіне қарасты Әулие Мария ауруханасының делегациясы келді
2026 жылғы 3 маусымда С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіне Корея Республикасындағы Католик университетіне қарасты Әулие Мария ауруханасының делегациясы келді.
Сапар аясында корейлік делегация өкілдері ҚазҰМУ проректоры Светлана Султангазиевамен, Жалпы медицина мектебінің – 2 деканы Гүлжан Шопаевамен және Халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы Ақбота Рүстемовамен кездесті. Кездесу барысында тараптар медициналық білім беру, ғылым, клиникалық тәжірибе және академиялық ұтқырлық салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады.
Делегация мүшелері: Әулие Мария ауруханасы тарапынан кездесуге жетекші гематолог Сильвия Пак, менеджер Джин Минджунг, сондай-ақ Medical Avenue компаниясының өкілдері, соның ішінде Қазақстандағы филиал директоры Карина Ахмет қатысты.
Қонақтарға университеттің қызметі, оның білім беру және ғылыми әлеуеті, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықтың негізгі бағыттары туралы ақпарат ұсынылды. Әсіресе мамандар арасында тәжірибе алмасу, бірлескен білім беру бастамаларын іске асыру және ғылыми өзара іс-қимылды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сапар бағдарламасы аясында делегация университеттің инфрақұрылымымен танысып, ҚазҰМУ мұражайында, Микробиология және геномика зертханасында, сондай-ақ Б. Атшабаров атындағы Іргелі және қолданбалы медицина ғылыми-зерттеу институтында болды.
Сапардың маңызды оқиғаларының бірі Сеул қаласындағы Әулие Мария ауруханасының жетекші гематологы Сильвия Пактың «Гемопоэтикалық дің жасушаларын трансплантациялау: практикалық түсінік және клиникалық тәжірибе» тақырыбындағы қонақ дәрісі болды. Дәріс барысында гемопоэтикалық дің жасушаларын трансплантациялаудың заманауи тәсілдері, өзекті клиникалық тәжірибелер және қан ауруларымен ауыратын пациенттерді емдеудегі халықаралық тәжірибе таныстырылды.
Корейлік делегацияның сапары ҚазҰМУ-дың халықаралық байланыстарын нығайтуға және Корея Республикасының жетекші медициналық ұйымдарымен ынтымақтастықты дамытуға бағытталған маңызды қадам болды. Университет халықаралық серіктестік желісін кеңейту және білім беру, ғылым мен денсаулық сақтау салаларындағы бірлескен жобаларды дамыту жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруда.















