Тәжиев Есентай Бөдесұлы өмірден озды
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ұжымы медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, денсаулық сақтау ісінің үздігі, жоғары санатты дәрігер-ұйымдастырушы, ҚазҰМУ омбудсмені, денсаулық сақтау саласының көрнекті ұйымдастырушысы, білікті хирург, беделді басшы Тәжиев Есентай Бөдесұлының дүниеден өтуіне байланысты қайғыға ортақтасып, туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтады.
Есентай Бөдесұлы бар ғұмырын отандық медицинаға, халық денсаулығын қорғауға және еліміздің денсаулық сақтау жүйесін дамытуға арнады. Оның өмір жолы өз ісіне адалдықтың, азаматтық жауапкершіліктің, жоғары кәсібиліктің және тынымсыз еңбектің айқын үлгісі болды.
Есентай Бөдесұлы еңбек жолын 1963 жылы бастады. 1974 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын тәмамдады. Студент кезінде қалалық №2 клиникалық ауруханада санитар, кейін медбрат болып еңбек етіп, алғашқы кәсіби тәжірибесін қалыптастырды. Институтты аяқтағаннан кейін Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасында интернатурадан өтті.
1975–1986 жылдары хирург дәрігер, хирургия бөлімінің меңгерушісі, бас дәрігердің хирургия жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды. 1986–1996 жылдары Алматы қалалық №1 клиникалық ауруханасын басқарды. 1996–2012 жылдары Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасының бас дәрігері болды. Әр жылдары Алматы дәрігерлердің біліктілігін арттыру институтында проректор қызметін атқарып, университеттің клиникалық базасының дамуына үлес қосты. Соңғы жылдары С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ омбудсмені ретінде қызмет етті.
Ұзақ жылдар бойы ол жауапты шешім қабылдай алатын, стратегиялық ойлай білетін, күрделі міндеттерді тиімді шеше алатын білікті басшы ретінде танылды. Оның жетекшілігімен медициналық ұйымдар нығайып, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, озық емдеу әдістері енгізіліп, сапалы жаңа деңгейге көтерілді.
Есентай Бөдесұлы практикалық медицина, басқару, ғылым және қоғамдық қызметті қатар алып жүрді. 1991 жылы кандидаттық, 1997 жылы докторлық диссертациясын қорғап, 2000 жылы профессор ғылыми атағына ие болды. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің XII шақырылым депутаты болды, сондай-ақ ұзақ жылдар бойы Алматы қалалық мәслихатының депутаты ретінде қызмет етіп, әлеуметтік қорғау және қоғамдық келісім жөніндегі комиссияны басқарды. 2017 жылдан бастап ҚазҰМУ жанындағы Бақылау кеңесінің мүшесі болды.
Оның көп жылғы еңбегі жоғары мемлекеттік және кәсіби деңгейде бағаланды. Ол «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болып, «Парасат», «Барыс» орденінің II және III дәрежелерімен, сондай-ақ өзге де мемлекеттік және салалық марапаттармен марапатталды.
Есентай Бөдесұлы 18 жыл бойы Алматы қалалық мәслихатының I, II, III және IV шақырылымдарының депутаты болып, халықты әлеуметтік қорғау, қоғамдық келісім және денсаулық сақтау жүйесін дамыту мәселелерін шешуге елеулі үлес қосты.
Тәжиев Есентай Бөдесұлының есімі отандық денсаулық сақтау саласының тұтас бір кезеңімен тығыз байланысты. Ол өз еңбегімен, терең білімімен, мамандығына адалдығымен ел медицинасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті тұлға болды.
Есентай Бөдесұлының өмірден озуы ҚазҰМУ ұжымы, медицина қауымдастығы үшін орны толмас ауыр қайғы. Оның жарқын бейнесі халық жадында мәңгі сақталады.


