Академиялық ұтқырлық: Тәжірибе алмасудың жаңа белестері
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті бүгінде тек еліміздің емес, Орталық Азиядағы медициналық білім берудің көшбасшысы ретінде халықаралық байланыстарды нығайтуға ерекше көңіл бөлуде. Оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыру және студенттерге әлемдік деңгейдегі білім беру мақсатында жүзеге асырылып жатқан » Академиялық ұтқырлық » бағдарламасы соның жарқын дәлелі. Осы бастама аясында 2026 жылдың 30 наурыз мен 10 сәуір аралығында Өзбекстан Республикасы, Қарақалпақстан медицина институтының доценті, х.ғ.к. Сауле Ундашевна Мелдебекова ҚазҰМУ-дың химия кафедрасында қонақ дәріскер ретінде болып қайтты. Сауле Ундашевна «Жалпы медицина» және «Педиатрия» мамандықтарының 1-курс студенттеріне арнап химияның ең күрделі әрі медицина үшін маңызды тараулары бойынша дәріс оқыды: «Сабынданатын және сабынданбайтын липидтер» және » Көмірсулар. Моносахаридтер. Моносахаридтердің химиялық қасиеттері. Дисахаридтер». Студенттер үшін де, оқытушылар үшін де дірістер өте қызықты, мағаналы болды. Бұл шара оқытушылардың біліктілігін арттыруға және студенттердің білім көжиегін кеңейтуге бағытталған маңызды қадам болды. Студенттер жаңа оқыту әдістерімен танысып, пәнге деген қызығушылығын арттырса, ал оқытушылар құрамы өздерінің кәсіби байланыстарын кеңейте түсті. Тәжірибе алмасудың нәтижелері ретінде бұл шара тек дәріс оқумен шектелмей, екі жоғары оқу орны арасындағы әдістемелік тәжірибе алмасу болып табылады.
ҚазҰМУ алдағы уақытта да осындай халықаралық бастамаларды жалғастырып, медициналық білім берудің сапасын әлемдік стандарттарға сәйкестендіруді көздеп отыр. Бұл қадамдар – сапалы кадр даярлау жолындағы сенімді белес. Халықаралық байланыстар екі оқу орнының ғылыми-педагогикалық әлеуетін арттыра түспек.





