«Визитинг-профессор» бағдарламасы аясында ҚазҰМУ-дың жүйке аурулары кафедрасында: халықаралық сарапшы Мансур Кутлубаев Қазақстан және Өзбекстан дәрігерлеріне дәріс оқып, клиникалық талдау жүргізді
С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың жүйке аурулары кафедрасында халықаралық «Визитинг-профессор» білім беру бағдарламасы аясында Башқұрт мемлекеттік медицина университетінің неврология кафедрасының меңгерушісі, Башқұртстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бас штаттан тыс неврологы, Башқұртстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері Мансур Амирович Кутлубаевтың қатысуымен дәріс және шеберлік сабағы өтті.
25 мамыр күні №1 Қалалық клиникалық аурухананың акт залында профессор-оқытушылар құрамын, тәжірибелі дәрігерлерді, резиденттер мен жас мамандарды біріктірген ауқымды кәсіби диалог ұйымдастырылды. Іс-шараның халықаралық маңызын Өзбекстанның Әндіжан қаласынан келген дәрігерлердің офлайн қатысуы, сондай-ақ Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен мамандардың онлайн форматта қосылуы айқындай түсті.
Кездесудің негізгі тақырыбы қазіргі неврологиядағы ең күрделі әрі әлеуметтік маңызы жоғары бағыттардың бірі — полинейропатиялар болды. Дәріс барысында профессор Мансур Амирович Кутлубаев шеткері жүйке жүйесі ауруларын диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдерін таныстырып, дифференциалды диагностика, клиникалық тексеру алгоритмдері және халықаралық өзекті ұсынымдарға сәйкес пациенттерді жүргізу мәселелерін жан-жақты баяндады.
Аудиторияның ерекше қызығушылығын босаң парезі бар науқастың нақты клиникалық жағдайын талдау тудырды. Ашық кәсіби пікірталас форматы қатысушыларға диагностика тактикасын, неврологиялық статусты интерпретациялау ерекшеліктерін, тексеру әдістерін таңдауды және терапияның заманауи тәсілдерін егжей-тегжейлі талқылауға мүмкіндік берді. Шеберлік сабағының практикалық бағыты Қазақстан, Өзбекстан және Ресей Федерациясы мамандары арасында тәжірибе алмасуға бірегей мүмкіндік жасады.
Қатысушылар іс-шараның жоғары ғылыми деңгейін, ұсынылған материалдың өзектілігін және халықаралық академиялық ынтымақтастықтың ерекше маңызын атап өтті. «Визитинг-профессор» бағдарламасы аясында осындай кездесулерді өткізу кәсіби байланыстарды нығайтуға, медицина ғылымын дамытуға және денсаулық сақтау жүйесіне озық клиникалық тәжірибелерді енгізуге ықпал етеді.
ҚазҰМУ-дың жүйке аурулары кафедрасы халықаралық білім беру кеңістігін белсенді түрде дамытуды жалғастырып, білім алмасуға, мамандардың біліктілігін арттыруға және әлемдік үздік тәжірибелерді отандық медицинаға енгізуге арналған алаң қалыптастыруда.








