Медицинадағы инновациялар: ғалымдар Алматыда өткен MedTech Reactor технологияларды коммерцияландыру алаңында өз жобаларын таныстырды
22 мамырда Алматы қаласында С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті базасында Ғылым қоры мен ҚазҰМУ ұйымдастырған MedTech Reactor технологияларды коммерцияландыру іс-шарасы өтті.
Диалог алаңы нарыққа шығуға дайын ғылыми әзірлемелерді ілгерілету мақсатында ғалымдарды, кәсіпкерлерді және венчурлік қорлардың өкілдерін біріктірді.
Іс-шара аясында фармацевтика, медицина және биотехнология салаларындағы 15 инновациялық жоба ұсынылды. Әзірлемелер қатарында дәрілік препараттарды қабылдауды цифрлық бақылау және биометриялық верификациялау жүйесі, отандық өсімдік шикізаты негізінде жасалған функционалдық фито-шайлар мен косметикалық өнімдер желісі, өсімдік экстрактылары негізіндегі қызыл иекке арналған мукоадгезивті паста, гликемиялық индексі төмен Glycobalance функционалдық балмұздағы, C18DAO молекуласы негізіндегі шаш өсуін ынталандыратын инновациялық өнім, кардиохирургияға арналған бейімделмелі септальді ретрактор, сондай-ақ лапароскопиялық және роботтандырылған хирургияны стандартталған оқытуға арналған симуляциялық орталық бар.
Ғылыми ұжымдар өз әзірлемелерін питч форматында ұсынып, бизнес өкілдерінен кері байланыс алды. Іс-шара серіктестік байланыстар орнату және медициналық шешімдерді коммерцияландыру перспективаларын талқылау үшін тиімді алаңға айналды.
Қатысушылар қатарында медицина, фармацевтика және денсаулық сақтау салаларының жетекшілері мен сарапшылары болды. Олардың ішінде Ұлттық денсаулық сақтау палатасы, QazBioPharm ұлттық холдингі АҚ, BioEtica ЖШС, сондай-ақ жекеменшік клиникалардың, дистрибьюторлық компаниялардың өкілдері мен инвесторлар бар. Бизнес-серіктестер ұсынылған жобаларға қызығушылық танытып, әрі қарай келіссөздер жүргізуге, соның ішінде Ғылым қоры тарапынан берілетін гранттық қаржыландыру конкурстарына қатысуға дайын екендіктерін білдірді. Аталған қаржыландыру көлемі бір жобаға 250 миллион теңгеге дейін жетеді.
Іс-шара қорытындысы бойынша зерттеу топтары мен әлеуетті серіктестер арасында алдағы өзара іс-қимыл жөнінде алдын ала келісімдерге қол жеткізілді. Бұл ғылыми идеяларды қолданбалы медициналық өнімдерге айналдыруға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.











