ҚазҰМУ-да Васэда университетінің профессоры Ацуши Огихараның қонақ дәрісі өтті
2026 жылғы 7 қыркүйекте Алматы қаласындағы «АРДИ» клиникалық базасында Жапонияның Васэда университетінің гуманитарлық зерттеулер факультетінің деканы, профессор Ацуши Огихараның С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің «Физикалық медицина және реабилитация, спорттық медицина» кафедрасының «Физикалық медицина және реабилитация (ересектер, балалар)» мамандығы бойынша 1-курс резиденттеріне арналған қонақ дәрісі өтті.
Дәрістің негізгі тақырыбы әлеуметтік медицинаның өзекті мәселелері және әлеуметтік факторлардың адам мен қоғам денсаулығына әсері болды.
Кездесу барысында профессор Ацуши Огихара әлеуметтік медицинадағы заманауи тәсілдер, оның негізгі мақсаттары мен міндеттері туралы айтып, аурулардың алдын алу, халық денсаулығын сақтау және нығайту, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, сондай-ақ әлеуметтік факторлардың адам денсаулығына әсерін зерттеу мәселелеріне тоқталды.
Дәріс барысында физикалық медицина және реабилитация саласындағы мамандар үшін тікелей маңызы бар мәселелерге ерекше назар аударылды. Болашақ дәрігерлер аурудың медициналық және физиологиялық ерекшеліктерімен қатар, пациенттің өмір салтын, тұрмыстық жағдайын, әлеуметтік қолдау деңгейін, медициналық және реабилитациялық қызметтердің қолжетімділігін, сондай-ақ оның белсенді әлеуметтік және кәсіби өмірге оралу мүмкіндігін ескеруі қажет.
Кездесудің маңызды бөлігі профессор Ацуши Огихараны «АРДИ» клиникалық базасының қызметімен таныстыру болды. «АРДИ» директоры Искакова Дәнипа Төлепбергенқызы орталықта ем алып, реабилитациядан өткен пациенттердің жетістіктері туралы айтып берді. Қонақтарға балалардың жетістіктерін көрсететін фильмдер, олардың салған суреттері, арт-галереядағы шығармалары мен алған дипломдары таныстырылды.
Осындай кездесулер резиденттердің кәсіби көкжиегін кеңейтуге, халықаралық тәжірибемен танысуға және денсаулық пен реабилитация мәселелеріне кешенді көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Физикалық медицина және реабилитация, спорттық медицина» кафедрасы «АРДИ» орталығының негізін қалаушысы және Бас директоры Ахтанова Асия Тахавиевнаға резиденттеріміздің аталған орталықта білім алып, практикалық дағдыларды меңгеруіне және реабилитацияның заманауи тәсілдерімен танысуына мүмкіндік жасағаны үшін шынайы алғысын білдіреді.
Сонымен қатар, қоғамның ерекше қолдауды қажет ететін осал тобы – балаларға көрсетіп отырған зор қолдауы мен қамқорлығы үшін ерекше ризашылығымызды білдіреміз. «АРДИ» орталығының балалардың толыққанды реабилитациядан өтуіне, әлеуетін дамытуына және белсенді өмірге оралуына жасап отырған еңбегі ерекше маңызға ие.
Шетелдік мамандардың қатысуымен өткізілетін қонақ дәрістер халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытуға, кәсіби тәжірибе алмасуға және физикалық медицина мен реабилитация саласындағы болашақ мамандарды даярлау сапасын арттыруға маңызды үлес қосады.





