ҚазҰМУ-да «Мейіргер ісі» білім беру бағдарламасының 290 түлегіне диплом табысталды
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Х. Досмұхамедов атындағы Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің «Мейіргер ісі» білім беру бағдарламасы бойынша білім алған 290 түлекке диплом табысталды.
Биыл күндізгі оқу бөлімін 3 студент аяқтаса, 10 айлық қысқартылған білім беру бағдарламасы бойынша 155, екі жылдық академиялық бағдарлама бойынша 132 түлек оқуын тәмамдады.
ҚазҰМУ-да мейіргерлік білім берудің қалыптасуы еліміздегі медициналық білім беру жүйесінің дамуымен тығыз байланысты. Қазақстандағы жоғары мейіргерлік білімнің негізін қалаған кафедра университетте 1996 жылы ашылып, мейіргерлік қызметті жаңғыртуға бағытталған халықаралық үрдістерге сай мамандар даярлаудың бастамасына айналды.
Бүгінде мейіргер мамандығының мазмұны айтарлықтай өзгерді. Қазіргі мейіргер – дәлелді мейіргерлік практика қағидаттарын меңгерген, клиникалық ойлау қабілеті қалыптасқан, басқару дағдыларын игерген және медициналық көмектің сапасын арттыруға белсенді үлес қосатын жоғары білікті маман. Олар денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін негізгі кадрлық әлеуеттің біріне айналып отыр.
Түлектерді құттықтаған ҚазҰМУ-дың бірінші проректоры Диляра Қайдарова бұл күннің жас мамандар үшін маңызды белес екенін атап өтті.
– Құрметті түлектер! Университет басшылығының және өз атымнан Х. Досмұхамедов атындағы Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің түлектерін оқуын сәтті аяқтап, диплом алуларымен шын жүректен құттықтаймын. Бүгіннен бастап сіздер кәсіби еңбек жолына нық қадам басып отырсыздар. Алдарыңызда білім мен тәжірибені ұштастырып, үздіксіз дамуға мүмкіндік беретін жаңа кезең басталады. Университет қабырғасында алған терең білім мен клиникалық даярлық алдағы қызметтеріңізге берік негіз болады деп сенемін. Ортақ мақсатымыз – сіздердің кәсіби әлеуеттеріңізді практикалық денсаулық сақтау саласында тиімді пайдалану арқылы еліміздегі медициналық көмектің сапасын арттыру. Баршаңызға кәсіби табандылық, үздіксіз ізденіс және жауапты еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін, – деді бірінші проректор.
Салтанатты рәсім соңында университет басшылығы жас мамандарды даярлауға қосқан зор үлесі үшін профессор-оқытушылар құрамына алғыс білдіріп, олардың еліміздің денсаулық сақтау саласы үшін білікті кадрлар даярлаудағы еңбегін жоғары бағалады.







































