ҚазҰМУ түлектері Alma Mater-де қайта қауышты
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде дәстүрлі Түлектер күні өтті. Бұл мереке әр жылдары білім алған асфендияровшыларды – дәрігерлерді, ғалымдарды, оқытушыларды, денсаулық сақтау ұйымдарының басшыларын, сала мамандарын, студенттер мен жас дәрігерлерді тағы бір мәрте бір арнаға тоғыстырды.
Түлектер күні – өткенге тағзым жасап, ұстазға құрмет білдіретін, ұрпақтар сабақтастығын дәріптейтін ерекше күн. Мыңдаған маманның медицинадағы жолы басталған қара шаңыраққа бүгінде ел денсаулығын қорғап жүрген, ғылым мен білімнің дамуына үлес қосып жүрген, ҚазҰМУ-дың абыройын биікке көтеріп жүрген түлектер жиналды.
Мереке түлектер шеруімен басталды. Университет алаңымен әр буынның өкілдері салтанатты түрде жүріп өтті. Бір кезде осы аудиторияларда дәріс тыңдап, алғашқы сынақтардан өткен, ақ халаттың жауапкершілігін сезінген жастар бүгінде тәжірибелі дәрігер, білікті ғалым, ұстаз, клиника мен ғылыми орталықтардың жетекшілеріне айналған.
Түлектерге арнаған құттықтау сөзінде ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов бұл күннің университет өміріндегі орны ерекше екенін атап өтті.
– ҚазҰМУ түлегі деген аттың өз салмағы бар. Бұл оқу орнын бітірген мамандарға қоғам әрдайым үлкен сенім артады. Сондықтан университетте кәсіби біліммен қатар дәрігерге тән ұстанымдар мен адам өміріне деген жауапкершілік те қатар қалыптасады. Біз студенттерге мамандықтың мәнін түсіндіріп, науқасқа құрметпен қарауды, өз ісіне адал болуды үйретеміз, – деді ректор
Салтанатты жиында медицина, ғылым, білім беру және денсаулық сақтау салаларының дамуына қосқан үлесі үшін 75 түлек «Үздік түлек» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ 19 лауреатқа «Университет мақтанышы» сыйлығы табысталды. Бұл марапаттар ҚазҰМУ тарихын өз жетістіктерімен жалғастырып жүрген азаматтардың еңбегіне көрсетілген құрмет болды.
– Құрметті түлектер! Сіздер университетіміздің мақтанышысыздар. Сіздердің жетістіктеріңіз – ҚазҰМУ жетістігі. Елге қызмет етіп жүрген әрқайсыңыз ұстаздарыңыздың еңбегінің жемісісіздер, – деді Марат Шоранов.
Бүгінде ҚазҰМУ Қазақстандағы медициналық білімнің алтын қазығы саналатын оқу орнына айналды. Ғасырға жуық тарихында университет 120 мыңнан астам маман даярлады. Ректор атап өткендей, еліміздегі әрбір үшінші дәрігер – ҚазҰМУ түлегі. Бұл көрсеткіштің артында мыңдаған құтқарылған өмір, алғысқа толы тағдырлар, күрделі операциялар мен ғылыми жаңалықтар тұр.
Университет түлектері арасында денсаулық сақтау, ғылым, білім және спорт салаларында танылған тұлғалар, академиктер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, еңбек сіңірген дәрігерлер, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының басшылары бар. ҚазҰМУ түлектері Мәншүк Мәметова мен Владимир Иванилов Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған.
Қазіргі таңда университет жаңа даму кезеңіне қадам басты. ҚазҰМУ құрамында жетекші ғылыми-зерттеу институттары мен ұлттық ғылыми орталықтар, 8 мектеп пен факультет, 77 кафедра, 3 университеттік клиника және 183 клиникалық база жұмыс істейді. Мұнда әлемнің ондаған елінен келген студенттерді қоса алғанда 16 мыңнан астам білім алушы оқиды.
Соңғы жылдары университеттің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, оқу ғимараттары, жатақханалар, зертханалар, клиникалық базалар мен цифрлық сервистер жүйелі түрде дамып келеді. ҚазҰМУ ғылыми әлеуетін нығайтып, халықаралық серіктестікті кеңейтіп, болашақ дәрігерлер мен зерттеушілерге заманауи білім беру ортасын қалыптастыруда.
QS халықаралық рейтингіндегі бес жұлдызды бағалау, ANaMed Forum алаңының дамуы және ғылыми-инновациялық экожүйенің қалыптасуы ҚазҰМУ-дың бүгінгі келбетін айқын көрсетеді. Университет дәстүр мен жаңашылдықты ұштастыра отырып, халықаралық деңгейдегі заманауи жоғары оқу орны ретінде дамуын жалғастыруда.
Ресми бөлімнен кейін мереке университет аумағында жалғасты. Түлектер ұстаздарымен және курстастарымен жүздесіп, тақырыптық алаңдарды аралады, 2026 жылғы түлектердің қоштасу вальсін тамашалап, студенттердің шығармашылық көрмесін көрді.
Бұл күні университет қабырғасында студенттік шақ туралы естеліктер айтылып, ұстаздарға алғыс білдірілді. Көпшілік туған оқу орнына қайта оралып тұруға уәде берді.
Түлектер күні университеттің әр буын өкілдерін бір алаңға жинады. Бұл кездесу ҚазҰМУ түлектерінің оқу орнымен байланысы үзілмейтінін, университет дәстүрінің ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқанын көрсетті.
Қош келдіңіздер, қадірлі асфендияровшылар!
Түлектер қауымының байланысы нығая берсін!
ҚазҰМУ-дың абыройы мен беделі арта берсін!
Әрбір түлек университеттен алған білімін ел игілігі жолында кәдеге жаратып, оқу орнының мерейін асыра берсін!















































































































