«Климаттың өзгеруі және денсаулық: ТДМ аясындағы сын-қатерлер мен бейімделу стратегиялары» семинары
2026 жылғы 24 сәуірде С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті базасында, Х. Досмұхамедов атындағы Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінде «Климаттың өзгеруі және денсаулық: ТДМ аясындағы сын-қатерлер мен бейімделу стратегиялары» тақырыбында ғылыми-практикалық семинар өтті.
Іс-шараны Қоғамдық денсаулық сақтау кафедрасы, академик Т. Шарманов атындағы нутрициология кафедрасы және Денсаулық сақтау саясаты мен менеджменті кафедрасы ұйымдастырды.
Семинар модераторы – биология ғылымдарының кандидаты, Қоғамдық денсаулық сақтау кафедрасының қауымдастырылған профессоры Бегимбетова Гульшат Алтаевна.
Семинарға арнайы шақырылған қонақтар алғы сөз сөйлеп, өз баяндамаларын ұсынды.:
- Бакирова Нургуль Мейрамовна – Алматы қаласы Наурызбай ауданының қоршаған ортаны қорғау қызметінің маманы;
- Абсалямов Ернар Айтжанұлы – Алматы қаласы қоршаған ортаны қорғау қызметінің жоғары деңгейдегі маманы.
- Мұқашев Нұржан Төлеусейітұлы – MD, PhD, MHSA, SDU University жанындағы саясат, менеджмент және денсаулық орталығының директоры;
- Шакирова Нуржанат Дәлелқызы – PhD, Абай атындағы ҚазҰПУ География және экология кафедрасының қауымдастырылған профессор м.а.;
Семинар барысында шақырылған қонақтар климаттың өзгеруі және оның қоршаған орта мен адам денсаулығына әсері бойынша өзекті мәселелерді қамтыған баяндамалар жасады. Сонымен қатар, кафедра профессор-оқытушылар құрамы, магистранттар мен студенттер климаттық өзгерістердің халық денсаулығына әсеріне арналған ғылыми баяндамаларын ұсынды.
Баяндамалар келесі бағыттарды қамтыды:
- климаттың өзгеруінің азық-түлік жүйелеріне, тамақтану сапасына және азық-түлік қауіпсіздігіне әсері;
- климат өзгерісінің жұқпалы аурулардың сырқаттанушылығына әсері;
- климаттық факторлардың ана мен бала денсаулығына әсері;
- климат өзгерісі жағдайындағы созылмалы аурулардың таралуы;
- температура, ылғалдылық және ауа ластануы сияқты климаттық факторлардың денсаулық көрсеткіштеріне әсері.
Климаттың өзгеруінің халық денсаулығына әсеріне, сондай-ақ экологиялық факторлардың адам өмірінің әртүрлі аспектілеріне кешенді ықпалына ерекше назар аударылды.
Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар ұсынылған баяндамалардың өзектілігін, білім алушылардың белсенділігін және климат өзгерісінің халық денсаулығына әсерін зерттеудің маңыздылығын атап өтті.

















